Заң ғылымдарының докторы, профессор Сайлаубек Тынышбекұлы Әлібековтың 70 жылдық мерейтойына және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналған «Цифрлық трансформация жағдайындағы кедендік әкімшілендірудің заманауи ізденістері мен болашағы» атты халықаралық конференция өтті.
Конференция мақсаты – даму жағдайында кеден органдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызметін жүргізу мәселелерін шешу, даму бағыттары мен перспективаларын талқылау, сондай-ақ тұрақты даму жағдайында кедендік әкімшілендірудің маңызды концептуалдық сұрақтарын қарастыру.
Бұл шараға Қазақстан мен шетелдің жетекші ғалымдары, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар, азаматтық қоғамның өкілдері, адам құқықтарын қорғау ұйымдары, MTGU университеті мен жоғары оқу орындарының оқытушылары және студенттері қатысты.
Сайлаубек Тынышбекұлы тәуелсіз Қазақстанның кеден қызметіне кадрлар даярлаудың негізін қалаған. Қазақстан Республикасы және Алматы қаласының кеден жөніндегі консультативтік кеңестеріне елеулі үлес қосты, бұл кедендік әкімшілендіру жүйесін жетілдіруге ықпал жасады. Сондай-ақ, ол Қазақстанның Кеден кодексін дайындауға ат салысып, саланың дамуына зор үлес қосты. Ғылыми қызығулары кедендік құқықтың өзекті мәселелеріне арналған Кеден құқығына арналған 250-ден астам ғылыми еңбектері бар.
Профессор Сайлаубек Тынышбекұлын құттықтаймыз, зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз! Еңбегіңіздің жемісін көріп, толағай табыстарға жетіңіз!