Құқықтық сауаттылық пен цифрлық қауіпсіздік – жарқын болашақ кепілі
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Халықаралық көліктік-гуманитарлық университетінің студенттеріне арналған «Цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениеті» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру дәрісі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру, киберқауіптердің алдын алу, интернет-алаяқтықтан қорғану жолдарын түсіндіру және цифрлық ортада жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.
Кездесуге Әуезов ауданының полиция басқармасының өкілдері арнайы қатысты:
Аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры А.Х. Искендеров;
Аға учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты А.С. Сыбанова.
Дәріс барысында полиция қызметкерлері интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер, киберқылмыстың алдын алу, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, жеке деректерді қорғау және әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат берді.
Сонымен қатар студенттерге күмәнді сілтемелерді ашпау, жеке мәліметтер мен құпия кодтарды бөгде адамдарға бермеу, интернеттегі алаяқтық әрекеттерді дер кезінде анықтау және олардың алдын алу жолдары түсіндірілді.
Іс-шара соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан толыққанды жауап алды. Кездесуде цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау мен интернет кеңістігінде жауапкершілікпен әрекет етудің маңыздылығы атап өтілді.