меню
Іздеу
17.11.2023
Министр Саясат Нұрбек студенттерді құттықтады

Құрметті жас достар және білім алушылар!

Тәуелсіз Қазақстан сіздердей өскелең ұрпақты мақтан тұтары сезсіз. Елімізде және алыс-жақын шетелдерде білім алып жатқан жас достарымыз елімізді көркейтіп, ұлтқа адал қызмет етеді деген сенімдемін.

Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету - білімнен емес, мінезден» деген тәлімі мол, тағлымы зор сөз қалдырған болатын. Сіздер әрдайым білім биігінен көрініп, саналы тәрбие арқылы ұшпаққа шығуға талпынып жүрген ойлы да, зерек тұлғаға айналуларыңыз қажет. Қазақтың біртуар һәм кемеңгер ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров кезінде: Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам! Қараңғылықтың көгіне, Күн болмағанда, кім болам, - деп бекер жырлаған жоқ. Сіздер сондай ұлы да, ұлағатты оғландардың ұрпағы екендіктеріңізді мақтаныш етеді деп ойлаймын. Жүрегі жалынға, кеудесі ғылымға, көкірегі сәулеге толы студент барша жасқа үлгі болары сөзсіз.

Ата-аналарыңыздың үмітін ақтап, елдіктің туын биік көтерулеріңізге шын жүректен тілектестік білдіре отырып, өздеріңізді Ғылым және жоғары білім министрілігі атынан бүгінгі студенттер күнімен құттықтаймын!

Биіктерде қырандай қалқып, алып асуларды еркін бағындырыңыздар. Армандарыңыз асқақ, мәртебелеріңіз биік болсын, достар!

Студенттер күні құтты болсын!

Құрметпен, Саясат Нұрбек